Басты бет
·
Футбол

«Барселона» Чемпиондар лигасында «Астон Вилланы» ірі есеппен жеңді

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Испаниялық «Барселона» УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші турда Англияның «Астон Вилласынан» басым түсті. 3 қарашада «Камп Ноу» стадионында өткен кездесу 3:0 есебімен аяқталды. Рафинья дубль авторы атанса, тағы бір голды Ламин Ямаль соқты.

Каталониялық клуб есепті жетінші минутта ашты. Қонақтардың қорғаныстан доп шығарудағы қателігін пайдаланған Ямаль оң қапталдан орталыққа қарай ойысып, дәл соққысымен көзге түсті. 19 жастағы футболшы үшін бұл Чемпиондар лигасындағы 14-гол болды. Осылайша ол 20 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы көрсеткіш бойынша Килиан Мбаппенің жетістігін басып озды.

Голдан кейін «Астон Вилла» ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Унаи Эмери шәкірттері Жоан Гарсияның қақпасы маңында бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырғанымен, мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Ал алаң иелері қарсыластың қорғанысындағы бос аймақтарды тиімді қолданды.

Екінші таймда «Барселона» басымдығын еселей түсті. 52-минутта Педридің пасынан кейін Рафинья соққы жасады. Доп қарсылас ойыншысына тиіп, қақпаға енді.

Араға 12 минут салып, бразилиялық шабуылшы дубль авторы атанды. Жоау Канселу оң қапталда қарсыласын алдап өтіп, айып алаңына пас шығарды. Рафинья допты бірінші жанасудан-ақ қақпаға бағыттады.

Қалған уақытта «Астон Вилла» есеп айырмасын қысқартуға тырысты. Тіпті бір шабуыл кезінде доп қақпа бағанасына тиді. Алайда матч нәтижесі өзгерген жоқ.

УЕФА Чемпиондар лигасы. Жалпы кезең. 4-тур

«Барселона» (Испания) – «Астон Вилла» (Англия) – 3:0.

Голдар: Ямаль, 7 (1:0); Рафинья, 52 (2:0), 64 (3:0).

«Барселона» Чемпиондар лигасында «Астон Вилланы» ірі есеппен жеңді – sport-hub