«Барселона» Харри Кейнді сатып алуды жоспарлап отыр

Фото: Getty Images
«Барселона» клубы «Баварияның» шабуылшысы Харри Кейнді қатарға қосу мүмкіндігін қарастыруда. The Daily Mail басылымының хабарлауынша, каталондық клуб әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін 32 жастағы ағылшын футболшысын сатып алуға әрекет жасамақ.
Дереккөздің мәліметінше, Кейннің өзі әзірге мюнхендік клубтан кетуге асығып отырған жоқ. Алайда «Барселона» басшылығы оның трансферін жүзеге асыру үшін бар күшін салуға дайын. Шабуылшының «Бавариямен» келісімшарты тағы бір маусымға есептелген.
Айта кетейік, 2025/26 маусымында Харри Кейн «Бавария» сапында барлық турнирде 49 матч өткізіп, 55 гол соғып, 6 нәтижелі пас берген. Ол командасымен бірге Германия чемпионы атанып, Еуропа ұлттық чемпионаттарының үздік сұрмергеніне берілетін «Алтын бутсы» жүлдесін жеңіп алды.
2026 жылғы әлем чемпионатында Кейн Англия құрамасы сапында үш матч өткізіп, үш гол соқты және командасының L тобында бірінші орын алуына көмектесті. 1/16 финалда ағылшындар Конго ДР құрамасымен кездеседі. Матч 1 шілдеде Атланта қаласында өтеді.