«Барселона» «Манчестер Сити» қорғаушысын жалға алуды жоспарлап отыр

«Барселона» ФК
«Барселона» «Манчестер Сити» қорғаушысы Райан Аит-Нуриге қызығушылық танытып, оны қысқы трансферлік кезеңде жалға алу мүмкіндігін қарастыруда.
Football Insider басылымының мәліметінше, каталониялық клуб 25 жастағы алжирлік футболшыны жалға алу жөнінде келісімге келуді көздеп отыр. Себебі «Барселона» ағылшын клубы толыққанды трансфер үшін талап етіп отырған 30 миллион фунт стерлингті төлеуге дайын емес.
Аит-Нури биылғы маусымда жеткілікті ойын тәжірибесіне ие бола алмай жүр. Ол Англия Премьер-лигасында әзірге бірде-бір матч өткізген жоқ. Сол қапталдағы негізгі құрам үшін бәсекеде Йошко Гвардиол мен Нико О'Райлиге жол беріп отыр.
Дегенмен алжирлік қорғаушының «Барселонаға» ауысуы Алехандро Бальденің болашағына байланысты болуы мүмкін. Каталониялық клуб испаниялық футболшыны сату мүмкіндігін қарастыруда.
Аит-Нуриге «Барселонадан» бөлек, Италияның «Ювентус» және «Наполи» клубтары да қызығушылық танытып отыр.
Еске салайық, Райан Аит-Нури 2025 жылдың жазында «Вулверхэмптоннан» «Манчестер Ситиге» ауысқан. Алғашқы маусымында барлық турнирде 31 матч өткізген футболшы биыл негізгі құрамдағы орнын жоғалтты.