«Барынша жоғары нәтиже көрсетуге ниеттіміз»: Гүлнара Тұрлыханова Қазақстан құрамасының мақсаты туралы айтты

ҚР Гандбол федерациясы
Алматыда әйелдер арасындағы гандболдан 21-ші Азия чемпионатына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Құрлықтық дода 23 қараша мен 3 желтоқсан аралығында ұйымдастырылады. Жарысқа Қазақстан, Жапония, Иран, Қытай, Гонконг, Оңтүстік Корея, Үндістан, Австралия, Өзбекстан және Таиланд құрамалары қатысады.
Турнир барысында 2027 жылы Венгрияда өтетін әлем чемпионатына төрт жолдама сарапқа салынады.
Қазақстан құрамасының мақсаты
Баспасөз мәслихатына Қазақстан гандбол федерациялары қауымдастығының президенті, Азия гандбол федерациясы кеңесінің мүшесі Гүлнара Тұрлыханова, әйелдер құрамасының бас бапкері Марина Пикалова және Австралия құрамасының бас бапкері Оуэн Мюррей қатысты.
Гүлнара Тұрлыханованың айтуынша, Қазақстанда болашағынан үміт күттіретін жас гандболшылар өсіп келеді. Алдағы чемпионатта ұлттық құрама жаңартылған құраммен өнер көрсетеді. Өз алаңында ойнау да қазақстандық спортшылар үшін қосымша артықшылық болмақ.
«Корея немесе Жапония сияқты теңіз жағалауындағы елдерге барған кезде орташа биіктіктегі таулы аймақтан теңіз деңгейіне күрт түсу команданың физикалық жағдайына айтарлықтай әсер етеді. Алматыда мұндай мәселе жоқ. Туризм және спорт министрлігімен бірлескен жұмыстың арқасында барынша жоғары нәтиже көрсетуге ниеттіміз», – деді Гүлнара Тұрлыханова.
Азия чемпионатының басты фавориттері
Қазақстан құрамасының бас бапкері Марина Пикалова үздік төрттікке енуге негізгі үміткерлерді атады. Оның пікірінше, басты бәсеке Қытай, Қазақстан, Оңтүстік Корея және Жапония құрамалары арасында өрбиді.
«Біздің командада тәжірибелі ойыншылар мен жас спортшылар қатар өнер көрсетеді. Өкінішке қарай, бір буын спортшыларымыз жетіспейді.
Қазіргі гандболда ойыншылардың ең жоғары деңгейге жететін кезеңі шамамен 25 жасқа сәйкес келеді. Жүлделі орындарға қайта оралу үшін дайындықты күшейтіп, халықаралық турнирлерге барынша көп қатысуымыз қажет», – деді Пикалова.
Бапкерлер штабы қақпашылар дайындығына да ерекше көңіл бөліп отыр. Тәжірибелі Жанар Айтеновамен қатар 16 жастағы жас қақпашылар да жаттығуға тартылған.
Қазақстан әйелдер құрамасының аға бапкері әрі қақпашылар жаттықтырушысы Игорь Андреюшкиннің айтуынша, әр матчқа қақпашы қарсылас команданың ойын мәнеріне қарай таңдалады.
Австралия құрамасы Қазақстанды фаворит санайды
Австралия құрамасының бас бапкері Оуэн Мюррей де алдағы чемпионаттағы мақсаттарын бөлісті.
«Біздің басты мақсатымыз – жеңіске жетіп, 2027 жылғы әлем чемпионатына жолдама алу. Сонымен қатар бұл 2032 жылы Брисбенде өтетін Олимпиада ойындарына дайындықтың ұзақмерзімді стратегиясының бір бөлігі», – деді маман.
Мюррей Қазақстан құрамасын турнир фавориттерінің қатарына қосты.
«Біздің команда өте жас. Сондықтан Қазақстан сияқты мықты қарсыластармен кездесіп, тәжірибе жинау біз үшін аса маңызды», – деді ол.
Олимпиадаға апарар жол
Әйелдер арасындағы 21-ші Азия чемпионаты Алматыдағы Олимпиадалық даярлау орталығында өтеді.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік төрт құрама 2027 жылдың қараша-желтоқсан айларында Венгрияда ұйымдастырылатын әлем чемпионатына жолдама алады.
Сонымен қатар 2027 жылы Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу турнирлері басталады. Олимпиада жолдамалары үшін әлемнің үздік 12 құрамасы таласады.
Осылайша Азия және әлем чемпионаттарындағы сәтті өнер ұлттық құрамалар үшін Олимпиада іріктеуіне дайындықтың маңызды кезеңі болмақ.