«Барыс» Башқұртстан Республикасы кубогында қатарынан екінші рет жеңілді

Аружан Талгат··
Фото: barys_official

Фото: barys_official

Астаналық «Барыс» Башқұртстан Республикасы кубогындағы екінші кездесуін өткізді. Уфалық «Салават Юлаевтан» жеңілген қазақстандық команда бұл жолы хабаровскілік «Амурмен» кездесті. Алайда тағы да жеңіске жете алмай, 1:5 есебімен жеңіліп қалды.

Михаил Кравец қақпаны Хантер Шепардқа сеніп тапсырды. Алғашқы минуттардан-ақ «Амур» белсенділік танытып, жетінші минутта есеп ашты. Иван Климович өз мүмкіндігін сәтті пайдаланып, хабаровскілік команданы алға шығарды.

«Барыс» бірінші кезеңнің ортасында жауап голын соқты. Всеволод Логвиннің пасынан кейін Самат Данияр шайбаны қарсылас қақпасына бағыттап, есепті теңестірді. Алайда үзіліске дейін Артем Шварев «Амурды» қайтадан алға шығарды – 2:1.

Екінші кезеңде командалар ұзақ уақыт бойы есепті өзгерте алмады. Тек сиренаға төрт секунд қалғанда Александр Дергачев көпшілікте ойнау мүмкіндігін пайдаланып, хабаровскілік клубтың басымдығын арттырды.

Шешуші жиырма минут толығымен «Амурдың» пайдасына өтті. Алдымен Шварев дубль жасаса, кейін Климович буллитті сәтті орындап, қорытынды есепті белгіледі – 5:1.

Бұл – «Барыстың» турнирдегі екінші жеңілісі. Бұған дейін астаналық команда «Салават Юлаевқа» 1:4 есебімен жол берген. Кравец шәкірттері Башқұртстан Республикасы кубогындағы соңғы матчын 20 тамызда Тольяттидің «Ладасына» қарсы өткізеді.

Башқұртстан Республикасы кубогы

«Барыс» (Астана, Қазақстан) – «Амур» (Хабаровск, Ресей) – 1:5

Кезеңдер бойынша: 1:2, 0:1, 0:2

Шайбалар:

0:1 – 06:49 Климович (Ли, Кровяков)

1:1 – 14:48 Данияр (Логвин)

1:2 – 19:48 Шварев (Мачулин)

1:3 – 39:55 Дергачев (Лихачев, Филипенко)

1:4 – 47:02 Шварев

1:5 – 51:54 Климович (буллит)

«Барыс» Башқұртстан Республикасы кубогында қатарынан екінші рет жеңілді – sport-hub