«Барыс» Пучков атындағы турнирде қатарынан екінші матчында жеңілді

«Барыс» ХК
Астаналық «Барыс» Санкт-Петербургте өтіп жатқан Николай Пучков атындағы турнирдегі екінші матчын өткізді.
Қазақстандық клубтың қарсыласы Жоғары хоккей лигасында өнер көрсететін жергілікті СКА-ВМФ командасы болды.
Бірінші кезеңде командалар сақтықпен ойнап, есеп аша алмады.
Көрермендер алғашқы шайбаны үзілістен кейін көрді. «Барыс» сан басымдығына ие болып, мүмкіндігін тиімді пайдаланды. Ұзаққа созылған шабуылдан кейін Кирилл Ляпунов шайбаны алаң иелерінің қақпасына бағыттады.
Петербургтік команда екінші үзіліске санаулы секундтар қалғанда жауап берді. Кезеңнің аяқталуына 13 секунд қалғанда Никита Сураев таразы басын теңестірді — 1:1.
Қорытынды жиырма минутта қарсыластар есепті өзгерте алмады. Негізгі уақыт тең аяқталып, жеңімпазды овертаймда анықтауға тура келді.
Қосымша кезеңде де мықтыны анықтау мүмкін болмады. Сондықтан матчтың тағдыры буллиттер сериясында шешілді. СКА-ВМФ хоккейшілері өз мүмкіндіктерін сәттірек пайдаланып, жеңісті еншіледі.
СКА-ВМФ — «Барыс» — 2:1 (буллиттер бойынша)
Шайбалар: 0:1, Ляпунов; 1:1, Сураев.
Еске салайық, 27 тамызда астаналық команда Санкт-Петербургтің СКА клубымен кездесіп, алаң иелеріне буллиттер сериясында жол берген еді.
«Барыс» турнирдегі соңғы ойынын Владивостоктың «Адмирал» командасына қарсы өткізеді. Матч 29 тамызда Қазақстан уақытымен сағат 16:00-де басталады.