Басты бет
·
Хоккей

«Барыс» қақпашысы ҚХЛ-дегі сегіз жылдық жетістікті қайталады

Дина Хамзина··
«Барыс» ХК

«Барыс» ХК

Қазақстандық қақпашы Андрей Шутов ҚХЛ-де қазан айының үздік голкипері атанды.

Астаналық «Барыстың» қақпашысы Андрей Шутов мансабында алғаш рет Континенталдық хоккей лигасының (ҚХЛ) айдың үздік қақпашысы атағына ие болды.

Лига баспасөз қызметінің мәліметінше, қазан айында Шутов жеті матч өткізіп, оның бесеуінде жеңіске жеткен. Қазақстандық хоккейшінің сенімділік коэффициенті 1,70-ті құрады. Қарсыластары оның қақпасына 221 соққы бағыттап, Шутов олардың 94,57 пайызын қайтарды. Орта есеппен әр кездесуде 31,6 соққыға тосқауыл болған.

Әсіресе новосібірлік «Сибирь» мен минскілік «Динамоға» қарсы матчтарда қазақстандық қақпашы ерекше көзге түсті. Екі кездесуде де ол қақпасына шайба өткізбей, «Барыс» қарсыластарын 1:0 есебімен жеңді.

Сондай-ақ Мәскеудің «Спартак» клубына қарсы ойында Шутов буллиттер сериясында командасына жеңіс сыйлауға көмектесті. Кездесудің негізгі және қосымша уақыты 3:3 есебімен аяқталып, буллиттер сериясында «Барыс» 4:3 есебімен басым түсті.

Айта кетейік, Шутов — «Барыс» тарихында ҚХЛ-де айдың үздік қақпашысы атанған екінші голкипер. Бұған дейін мұндай жетістікке шведиялық Хенрик Карлссон қол жеткізген. Ол 2018 жылдың желтоқсан айында үздік деп танылған еді.

Осылайша, Андрей Шутов мансабындағы алғашқы жеке марапатына қол жеткізіп қана қоймай, «Барыстың» бұл номинациядағы сегіз жылға жуық үзілісін тоқтатты.

«Барыс» қақпашысы ҚХЛ-дегі сегіз жылдық жетістікті қайталады – sport-hub