«Барыстың» екі хоккейшісі «Спартакпен» матчтың үздік үш ойыншысының қатарына енді

«Барыс» ХК
Құрлықтық хоккей лигасы Мәскеудің «Спартак» пен астаналық «Барыс» арасындағы матчтың үздік ойыншыларын анықтады. Қазақстандық клуб буллиттер сериясында 4:3 есебімен жеңіске жетті. Кездесудің үздік үш ойыншысының қатарына «Барыстың» бірден екі хоккейшісі енді.
Матчтың бірінші жұлдызы «Барыстың» қорғаушысы Логан Дэй атанды. Америкалық хоккейші клуб сапындағы ең нәтижелі ойындарының бірін өткізді. Ол өзі шайба соғып, командаластарына тағы екі гол соғуға көмектесті. Үшінші кезеңнің соңына қарай оның берген пасынан кейін Тайс Томпсон есепті теңестіріп, кездесуді овертаймға жеткізді.
Екінші жұлдыз «Спартактың» шабуылшысы Даниил Пивчулин болды. Ол командасы кем құрамда ойнап жатқанда шайба соғып, мәскеуліктерге екінші кезеңді тең есеппен аяқтауға көмектесті.
Үздік үштіктің үшінші орны да «Барыс» ойыншысына бұйырды. Бұл жолы Тайс Томпсон аталды. Ойынның аяқталуына 98 секунд қалғанда шабуылшы алтыншы алаң ойыншысының басымдығын пайдаланып, есепті 3:3-ке жеткізді. Оның голы «Барысты» негізгі уақытта жеңілістен құтқарып қалды.
Бірінші кезең голсыз аяқталғаннан кейін «Спартак» екінші жиырма минуттықта есеп ашты. «Барыс» сапынан Логан Дэй мен Әлихан Асетов шайба соғып, командасын алға шығарды. Алайда мәскеуліктер есепті қайта теңестірді. Үшінші кезеңде алаң иелері тағы да алға шыққанымен, Томпсонның голы кездесуді овертаймға жеткізді.
Қосымша уақытта жеңімпаз анықталған жоқ. Ал буллиттер сериясында Михаил Кравец шәкірттері дәлірек ойнап, жеңіске жетті.
«Барыс» үшін бұл сырт алаңдағы қатарынан екінші жеңіс болды. Бұған дейін астаналық клуб «Нефтехимикті» овертаймда 5:4 есебімен жеңген еді.
«Барыс» келесі кездесуін 10 қазанда Астанада өткізеді. Астаналық клуб омбылық «Авангардты» қабылдайды.