«Барыстың» ең жоғары жалақы алатын хоккейшісі анықталды

Фото: Барыс ХК
Астаналық «Барыстың» 2026/2027 жылғы маусымдағы хоккейшілерінің жалақысы белгілі болды. Командадағы ең жоғары жалақы алатын ойыншы – америкалық қорғаушы Чэйз Приски.
«Спорт-Экспресс» мәліметінше, Приски бір маусымда 50 миллион рубль, яғни шамамен 273,5 миллион теңге алады. Екінші орында қорғаушы Джейк Мэсси тұр – 246,15 миллион теңге. Үздік үштікті шабуылшы Мэйсон Морелли 218,8 миллион теңгемен түйіндеді. Дәл осындай жалақыны қақпашы Хантер Шепард алады.
Үздік ондыққа Райан Пилон – 202,39 миллион теңге, Логан Дэй – 191,45 миллион, Тайс Томпсон – 180,51 миллион, Андрей Шутов – 180,51 миллион, Иан Маккошен – 153,16 миллион және Аркадий Шестаков – 153,16 миллион теңгемен кірді. Осы он хоккейшінің жалпы жалақысы 369 миллион рубльді немесе шамамен 2,02 миллиард теңгені құрайды.
Ал 2026/2027 жылғы маусымда ҚХЛ-дағы жалақы шегі 950 миллион рубль болып белгіленді. Лига регламентінің талаптарына сай келетін жас хоккейшілердің жалақысы бұл есепке кірмейді. «Барыс» жаңа маусымды 7 қыркүйекте «Сібірге» қарсы үй матчымен бастайды. Одан кейін 9 қыркүйекте «Салават Юлаевты», ал 12 қыркүйекте «Амурды» қабылдайды.