Бек Нұрмағанбет қарсыласын нокаутқа түсіріп, әлемдік рейтингтің үздік бестігіне енді

Фото: Getty Images
Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет Халықаралық бокс федерациясының (IBF) жаңартылған рейтингінде төрт саты жоғарылады.
Екінші орта салмақта өнер көрсететін отандасымыз мексикалық Маркос Васкесті нокаутпен жеңгеннен кейін тоғызыншы орыннан бесінші орынға көтерілді.
31 қазанда Нұрмағанбет Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласындағы Kingdom Arena кешенінде өткен бокс кешінде жұдырықтасты. Кештің басты жекпе-жегінде Сауль «Канело» Альварес пен Кристиан Мбилли кездескен болатын.
Қазақстандық боксшы Маркос Васкеске қарсы айқасты алғашқы минуттардан-ақ белсенді бастады. Нұрмағанбет қарсыласына қысым көрсетіп, бірнеше ауыр соққы жасады.
Бірінші раундтың аяқталуына үш секунд қалғанда, яғни 2 минут 57 секундта Бек қарсыласын жойқын соққылар сериясымен нокаутқа түсірді.
Осылайша қазақстандық боксшы кәсіпқой мансабындағы 17-жеңісіне қол жеткізді. Оның 15-і мерзімінен бұрын аяқталған. Нұрмағанбет әлі бірде-бір рет жеңілген жоқ.
Бұл жеңіс оның әлемдік рейтингтегі орнына да әсер етті. IBF жаңартылған тізімінде Бек бірден төрт саты жоғарылап, екінші орта салмақтағы үміткерлер арасында бесінші орынға жайғасты.
Қазіргі уақытта IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы кубалық Ослейс Иглесиасқа тиесілі.
Рейтингтің алғашқы екі орны бос тұр. Үшінші сатыда француз Кевин Леле Саджо, ал төртінші орында ливиялық Малик Зинад орналасқан.
Осылайша Бек Нұрмағанбет IBF чемпиондық белбеуіне басты үміткерлердің қатарына жақындай түсті. Дегенмен әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізу мүмкіндігіне ие болу үшін қазақстандық боксшыға дивизиондағы орнын одан әрі нығайту қажет.