Басты бет
·
АО-2026

Бексұлтан Айтбай Азиадада жетінші орын алды

Aibar Rysdaulet··
ҚР ҰОК

ҚР ҰОК

Қазақстандық ауыр атлет Бексұлтан Айтбай Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындарында 75 келіге дейінгі салмақта жетінші орын алды. Қоссайыс қорытындысы бойынша ол 312 келі нәтиже көрсетті.

Айтбай жұлқа көтеруде 135 келі, серпе көтеруде 177 келі көтерді. Осылайша оның қоссайыстағы жалпы нәтижесі 312 келіні құрады. Бұл нәтиже қазақстандық спортшыға өз салмағындағы үздік ондыққа енуге мүмкіндік берді.

Айтбай Азия ойындарында Қазақстан құрамасының 75 келіге дейінгі салмақтағы өкілі ретінде өнер көрсетті. Жалпы ауыр атлетикадан ұлттық құрама сапына он спортшы – бес ер адам және бес әйел кірді. Жапонияда өтіп жатқан додадағы ауыр атлетика жарыстары 23-29 қыркүйек аралығында ұйымдастырылуда.

75 келіге дейінгі салмақта алтын медальді Индонезия өкілі Рахмат Эрвин Абдулла жеңіп алды. Ол қоссайыста 366 келі нәтиже көрсетті. Күміс жүлде 365 келі нәтижесімен таиландтық ауыр атлет Веерапон Вичумаға бұйырса, қола медальді Солтүстік Корея өкілі Ри Чон Сон иеленді – 357 келі.

Бұған дейін жарыста қазақстандық ауыр атлеттер Өтепберген Әлиев пен Сайрамкез Ақмолда тиісінше 60 және 65 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде өнер көрсетті. Әлиев 280 келі нәтижесімен бесінші орын алса, Ақмолда қоссайыста есепке алынатын нәтиже көрсете алмады. Екатерина Алякина 57 келіге дейінгі салмақта бесінші орын алды.

Бексұлтан Айтбай Азиадада жетінші орын алды – sport-hub