Басты бет
·
Теннис

Бен Шелтон ATP қорытынды турниріндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Corinne Dubreuil/ATP Tour

Фото: Corinne Dubreuil/ATP Tour

Әлемнің төртінші ракеткасы, америкалық Бен Шелтон 2026 жылғы ATP қорытынды турнирінің топтық кезеңіндегі алғашқы матчында франциялық Артюр Фисті (ATP рейтингінде 7-орын) жеңді.

ATP қорытынды турнирі. Джон Макинрой тобы. 1-тур

Бен Шелтон (АҚШ) – Артюр Фис (Франция) – 6:2, 3:6, 6:3.

Италияның Турин қаласындағы «Инальпи» аренасында өткен кездесу 1 сағат 58 минутқа созылды.

Шелтон алғашқы сетте басымдық танытып, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда Фис сегізінші геймде брейк жасап, есепті теңестірді. Ал шешуші сетте америкалық теннисші қарсыласының екінші геймдегі сервисін ұтып алып, басымдығын сақтап қалды. 5:3 есебінде Шелтон брейк-пойнтты қайтарып, матчты жеңіспен аяқтады.

Кездесу барысында Шелтон 12 эйс орындап, бірде-бір қос қателік жібермеді. Сондай-ақ 12 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Ал Фис төрт эйс жасап, бір қос қателікке жол берді және төрт брейк мүмкіндігінің бірін жүзеге асырды.

Бұл 24 жастағы америкалық теннисшінің ATP қорытынды турниріндегі алғашқы жеңісі болды. Ол Туриндегі жарысқа екінші жыл қатарынан қатысып отыр. 2025 жылғы дебютінде Шелтон бірде-бір матчта жеңіске жете алмаған еді.

Келесі кездесуде америкалық спортшы германиялық Александр Зверевпен ойнайды.

Айта кетейік, ATP қорытынды турнирі 15–22 қараша аралығында өтеді. Жарыстың қазіргі чемпионы Янник Синнер биыл жарақатына байланысты қатыспайды.

Бен Шелтон ATP қорытынды турниріндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді – sport-hub