Басты бет
·
Футбол

«Бернли» бапкері Дастан Сәтпаевтың толық матч ойнай алатын уақытын айтты

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Англиялық «Бернли» клубының бас бапкері Ники Хайен Қазақстан құрамасының 18 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың жағдайы туралы соңғы жаңалықтармен бөлісті. Маманы футболшының жарақаттан кейінгі қалпына келу барысын баяндап, әзірге оған толық 90 минут ойнауға неге мүмкіндік бермейтінін түсіндірді.

Қазақстандық шабуылшы санның артқы бөлігіндегі жарақатынан кейін біртіндеп бабына келіп жатыр. Осы жарақатына байланысты ол бір айдан астам уақыт алаңға шыққан жоқ. Жаттығулар мен ресми матчтарға оралғанына қарамастан, бапкерлер штабы әзірге оған түсетін жүктемені арттыруға асықпайды.

Burnley Express басылымына берген сұхбатында Хайен Сәтпаевтың команда үшін маңызды ойыншы екенін атап өтті. Оның айтуынша, шабуылшының жылдамдығы мен жеке шеберлігі «Бернлидің» шабуылын айтарлықтай күшейте алады.

«Дастан жарақатынан кейін біраз уақыт қалпына келді. Сондықтан «Вулверхэмптонға» қарсы матчта оған тек 30 минут қана мүмкіндік бере алдық. Ол біз үшін өте құнды ойыншы. Жылдамдығы керемет, қарқыны жоғары, энергиясы мол әрі өздігінен қауіпті сәттер жасай алады. Мұның бәрі оны командамыз үшін маңызды ойыншы етеді.

Біртіндеп алаңда көбірек уақыт өткізеді деп үміттенемін. Алдымен 45 минут, содан кейін 60 минут ойнайды. Одан кейін толық 90 минутқа дайын болады деп ойлаймын», – деді Хайен.

Сондай-ақ бас бапкер қазақстандық футболшының соңғы ойынына баға берді. Оның сөзінше, Сәтпаев алаңға командаға қатты қысым жасалып жатқан сәтте шыққандықтан, қиын жағдайға тап болды.

«Мұндай ойынға қосылу оңай емес, әсіресе матч шиеленісіп кеткенде. Егер команда қалыптасқан ойын құрылымын жоғалтып, матч барысын тым жылдам өзгертуге тырысса, жағдай одан сайын қиындай түседі. Дегенмен Дастанның қарымы жететін қасиеттері жеткілікті. Ол әлі де өз мүмкіндіктерін көрсетіп, командамызға пайдасын тигізетініне сенімдімін», – деп түйіндеді маман.

«Бернли» бапкері Дастан Сәтпаевтың толық матч ойнай алатын уақытын айтты – sport-hub