«Бернли» «Мидлсбромен» тең түсті

Фото: Getty Images
«Бернли» Англия чемпионатының осы маусымындағы алғашқы жеңісіне жете алмады.
Төртінші тур матчында команда өз алаңында «Мидлсбромен» 1:1 есебімен тең түсті.
Қонақтар 23-минутта есеп ашты. Гол авторы – Эйден Моррис. Екінші таймда алаң иелері таразы басын теңестірді. 54-минутта Юго Рагубер «Мидлсбро» қақпасына гол соқты.
«Бернлидің» қазақстандық шабуылшысы Дастан Сәтпаев кездесуді негізгі құрамда бастап, алаңда 80 минут өткізді.
Чемпионшип, 4-тур
«Бернли» – «Мидлсбро» – 1:1
Голдар: Моррис – 23, Рагубер – 54.
Қазақстан құрамасының шабуылшысы шабуылда белсенді болып, бірнеше рет гол соғуға мүмкіндік алды. Эпизодтардың бірінде Рамазанидің пасынан кейін Сәтпаев жоғары жылдамдықпен айып алаңына кіріп, қорғаушыдан өтіп, қақпаға соққы жасады. Алайда «Мидлсбро» қақпашысы дер кезінде әрекет етіп, командасын голдан құтқарды.
Сәтпаевтың қатысуымен болған тағы бір қауіпті сәт бірінші таймда тіркелді. Қазақстандық футболшы айып алаңының сыртынан соққы жасағанымен, қақпашы бұл жолы да қателеспеді.
Кездесу барысында Сәтпаев жылдамдығын пайдаланып, «Бернлидің» шабуылдарын үдетуге бірнеше рет тырысты. Сонымен қатар допты алға қарай өзі алып шығуға ұмтылды. Алайда гол соға алмады және 80-минутта бапкерлер штабы оны алаңнан ауыстырды.
Төрт турдан кейін «Бернлидің» еншісінде екі ұпай бар. Команда әзірге жеңіссіз келе жатыр: екі матч тең аяқталса, тағы екі кездесуде жеңіліске ұшырады. Ал «Мидлсбро» жеті ұпай жинады.