Бибісара Асаубаева әлемдік рейтингтегі үздік бестіктегі орнын сақтап қалды

Айбар Рысдаулет ··
Фото: Norway Chess

Фото: Norway Chess

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) әйелдер арасындағы әлемдік рейтингтің жаңартылған нұсқасын жариялады. Қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева әлемнің үздік бес шахматшысының қатарындағы орнын сақтап қалды.

22 жастағы қазақстандық шахматшының рейтингі – 2538 ұпай. Бибісара шілде айында алғаш рет әлемдік рейтингте бесінші орынға көтеріліп, мансабындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізген болатын.

Қазіргі таңда Бибісара – әлемдік рейтингтің алғашқы бестігіндегі Қытайдан тыс жалғыз шахматшы. Тізімнің көшін 2596 ұпаймен Хоу Ифань бастап тұр. Одан кейін Лэй Тинцзе (2561), қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь (2553) және Чжу Цзиньэр (2550) орналасқан. Ал Бибісара Асаубаева 2538 ұпаймен үздік бестікті түйіндеп тұр.

2026 жыл қазақстандық шахматшы үшін өте сәтті өтіп жатыр. Жыл басында ол 2497 рейтингтік ұпаймен әлемдік рейтингте 11-орында тұрған еді. Үміткерлер турниріндегі сәтті өнері мен беделді Norway Chess Women турниріндегі жеңісінің арқасында Бибісара 41 рейтингтік ұпай қосып, бірден алты сатыға көтерілді.

Бибісара Асаубаева – халықаралық гроссмейстер, блиц шахматтан үш дүркін әлем чемпионы және Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы.