Басты бет
·
Шахмат

Бибісара Асаубаева Магнус Карлсеннің екі рет ойнаудан бас тартуынан кейін мәлімдеме жасады

Аружан Талғат··
Фото: bibisarachess

Фото: bibisarachess

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Будапештте өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде әлемнің 16-шы чемпионы Магнус Карлсенмен болған даулы кездесуден кейін алғаш рет пікір білдірді.

Асаубаева Instagram парақшасында норвегиялық шахматшымен ойын үстінде түскен суреттерін жариялап, өзіне сену және үлкен мақсаттарға ұмтылу туралы жазба қалдырды.

Екі күнге созылған кездесудің ерекше аяқталғанына қарамастан, қазақстандық спортшы қарсыласының шешімдерін талқыламады. Оның орнына табандылық пен еңбектің арқасында бұрын қол жетпестей көрінген армандарға жетуге болатынын атап өтті.

«Кейде өмір сені өзің елестеткеннен де биік белестерге жетелейді. Өзіңізге сенуді, аянбай еңбек етуді және арманыңызға ұмтылуды тоқтатпаңыз. Үлкен армандардан қорықпаңыз!» – деп жазды Асаубаева.

Бұл жазба Карлсеннің қазақстандық шахматшыға қарсы шешуші партияны екі рет ойнаудан бас тартуы қызу талқыланып жатқан кезде жарияланды.

Қос шахматшы 17–20-орындар сарапқа салынатын плей-оффтың жұбаныш кезеңіндегі жартылай финалда кездесті. Турнир ерекшелігі – әр ойын күні блиц, рапид және жылдам классика форматтарындағы партиялардан тұрады.

Алғашқы күні Карлсен қысқа уақыт бақылауындағы партияларда басымдыққа ие болып, соңғы ойынға дейін жеңісін қамтамасыз етті. Осыдан кейін норвегиялық шахматшы жылдам классикадағы кездесуге қатысудан бас тартты.

Нәтижесінде оған техникалық жеңіліс тіркеліп, Асаубаеваға сегіз ұпай берілді. Соған қарамастан Карлсен 11,5:8,5 есебімен басымдығын сақтап қалды.

Келесі күні де жағдай қайталанды. Карлсен блицтегі төрт партияның барлығында жеңіске жетіп, рапидте бір рет ұтып, тағы бір кездесуді тең аяқтады.

Есеп 10:2 болған кезде норвегиялық шахматшы соңғы партияға тағы да шықпады. Техникалық жеңістің арқасында Асаубаева есепті 10:10-ға жеткізді.

Алайда алғашқы күнгі нәтижесінің арқасында Карлсен жұбаныш кезеңінің келесі айналымына өтті. Енді ол 17-орын үшін таласады. Ал Бибісара Асаубаева 19-орын үшін кездесуде өнер көрсетеді.

Айта кетейік, қазақстандық шахматшы қарсыласының екі мәрте ойнаудан бас тартуына қатысты тікелей пікір білдірген жоқ. Ол өз жазбасында әлемдік шахмат тарихына енген спортшымен бір тақтада ойнаудың өзі үлкен жетістік екенін меңзеді.