Бибісара Асаубаева тең ойнап, Global Chess League-2026 турнирінде қола жүлде үшін таласады

Aibar Rysdaulet··
Фото: Чемпионат

Фото: Чемпионат

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Global Chess League-2026 турнирінің алдын ала кезеңіндегі соңғы, сегізінші турда үндістандық Харика Дронаваллимен тең ойнады. Оның Fyers American Gambits командасы CheQ Mumba Masters-ке 6:11 есебімен жеңілді.

Асаубаева мен Дронавалли арасындағы партия 1:1 есебімен аяқталды. Fyers American Gambits сапында жалғыз жеңісті өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров әкелді. Ал Нихал Сарин, Даниил Дубов, Сара Хадем және Марк-Андриа Мориц өз партияларында жеңіліп қалды.

Жеңілгеніне қарамастан, Асаубаеваның командасы турнирді жүлдемен аяқтауға мүмкіндік алды. Алдын ала кезең қорытындысы бойынша Fyers American Gambits үшінші орын үшін CheQ Mumba Masters-пен кездеседі. Финалға Ganges Grandmasters пен Alpine APL Pipers шықты. Екі команда да 18 ұпайдан жинаған. Ganges Grandmasters ойын ұпайлары бойынша басым болып, бірінші орын алды - 95:88.

Fyers American Gambits құрамында блицтен екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева мен Өзбекстан құрамасының Олимпиада чемпионы Жавохир Синдаров өнер көрсетеді. Қола жүлде үшін олардың қарсыласы сапында Максим Вашье-Лаграв, Шахрияр Мамедъяров, Владимир Федосеев, Харика Дронавалли, Карисса Ип және Бардия Данешвар бар CheQ Mumba Masters болады.

Global Chess League финалында бірінші тақтада Магнус Карлсен мен Ян Непомнящий кездеседі. Сонымен қатар Аниш Гири Левон Аронянмен, ал Дивья Дешмух Полина Шуваловамен ойнайды. Турнир Үндістанның Бангалор қаласында өтіп жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры - 1 миллион АҚШ доллары.