«БИІК-Шымкент» Қазақстан әйелдер лигасының чемпионы атанды

Фото: WFC «BIIK-Shymkent»
«БИІК-Шымкент» 2026 жылғы маусымды Қазақстан әйелдер лигасының турнир кестесінде бірінші орында аяқтады. Чемпионаттың соңғы матчында шымкенттік команда «Тұранды» 3:0 есебімен сенімді жеңді.
Кездесудің тағдыры алғашқы минуттарда-ақ шешілді. 7-минутта Бибігүл Нұрушева есеп ашса, араға екі минут салып Теодора Никоара «БИІК-Шымкенттің» басымдығын еселеді.
Жылдам басталған матчтан кейін шымкенттік команда ойын барысын бақылауда ұстап, қарсыластарына есепті қысқартуға мүмкіндік бермеді. Екінші таймда 54-минутта Гүлнара Габелия гол соғып, командасының басымдығын бекітті.
Қазақстан әйелдер лигасы
«БИІК-Шымкент» – «Тұран» – 3:0
Голдар: Нұрушева, 7 – 1:0; Никоара, 9 – 2:0; Габелия, 54 – 3:0.
Соңғы ойындағы жеңіс «БИІК-Шымкентке» маусымды чемпиондықпен аяқтап, Қазақстан әйелдер лигасының 2026 жылғы алтын медальдарын жеңіп алуға мүмкіндік берді.