«Біз біргеміз». Роналду Өзбекстанға қарсы тарихи матчтан кейін пікір білдірді

Фото: Getty Images
Португалия құрамасының шабуылшысы әрі капитаны Криштиану Роналду 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші турда Өзбекстанды ірі есеппен жеңгеннен кейін әсерімен бөлісті.
41 жастағы шабуылшы өзінің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында голды бірге тойлап жатқан командаластарымен түскен суретін жариялап, оған:
«Біз біргеміз», – деген қысқа жазба қалдырды.
Кездесу Португалия құрамасының 5:0 есебіндегі ірі жеңісімен аяқталды. Роналду дубль авторы атанып, матч соңында кездесудің үздік ойыншысы деп танылды.
Бұл кеш португалиялық шабуылшы үшін тарихи сәтке айналды. Екі голдың арқасында Криштиану Роналду әлем чемпионаттарының алтауында да гол соққан тарихтағы алғашқы футболшы атанды.
Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде мәресіне жетеді.