Бразилия Жапонияны соңғы сәтте жеңіп,1/8 финалға шықты

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Бразилия құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалына жолдама алды. Олар 1/16 финал матчында Жапонияны тартысты ойында жеңді.

АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы «Эн-Эр-Джи Стэдиум» аренасында өткен кездесу бес дүркін әлем чемпиондарының 2:1 есебімен жеңісімен аяқталды.

Алғашқы тайм жапон құрамасы үшін сәтті өтті. 29-минутта жартылай қорғаушы Каисю Сано шабуылды дәл соққымен аяқтап, өз командасын алға шығарды. Бразилиялықтар ұзақ уақыт бойы қарсылас қорғанысын бұза алмады, алайда үзілістен кейін ойын барысын өзгерте алды.

56-минутта тәжірибелі жартылай қорғаушы Каземиро есепті теңестіріп, кездесуге қайтадан интрига қосты. Матч тағдыры қосымша уақытта шешіледі дегендей көрінгенімен, Бразилия соңғы сәтте шешуші соққы жасады. Қосылған уақыттың алтыншы минутында Габриэл Мартинелли керек жерден табылып, командасына ерік-жігермен келген жеңіс сыйлады – 2:1.

Әлем чемпионаты – 2026, плей-офф, 1/16 финал

Бразилия – Жапония – 2:1

Голдар: 29, Сано; 56, Каземиро; 90+5, Мартинелли

Матчты италиялық төреші Маурицио Мариани бастаған төрешілер бригадасы басқарды.

Келесі кезеңде Бразилия құрамасы Кот-д’Ивуар – Норвегия жұбының жеңімпазымен кездеседі. Ширек финалға жолдама үшін күрес 1/8 финалда жалғасады.

Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 11 маусымда басталып, 19 шілдеде аяқталады.