Брэд Питт ойнаған жаңа фильм жоғары баға алды

Брэд Питт басты рөлде ойнаған «Аңның жүрегі» («Heart of the Beast») драмасы кең прокатқа шықпай тұрып-ақ шетелдік сыншылардың оң бағасына ие болды.
Фильмнің Rotten Tomatoes платформасындағы рейтингі 92 пайызды құраса, Metacritic порталы 100-ден 69 балл берді. Сыншылар картинаның эмоциялық оқиғасын және Брэд Питтің актерлік шеберлігін атап өтті. Әсіресе актердің Убер есімді неміс овчаркасымен экрандағы дуэтіне жоғары баға беріп, бұл рөлді оның мансабындағы үздіктердің бірі деп атады.
Фильмнің сюжеті бойынша посттравмалық күйзеліс бұзылысына шалдыққан бұрынғы әскери қызметкер Джеймс Болдуин Аляскада Один есімді итімен бірге оңаша өмір сүреді. Ұшақ апатынан кейін кейіпкер мен оның адал серігі өркениеттен жырақта қалып, табиғаттың қатал жағдайында аман қалу үшін күресуге мәжбүр болады.
Фильмнің режиссері – «Ашу», «Патруль» және «Суицид жасағы» картиналарымен танымал Дэвид Эйр. Қазақстанда «Аңның жүрегі» фильмі 24 қыркүйекте прокатқа шықты, ал әлемдік премьерасы 25 қыркүйекке жоспарланған.
Алғашқы рецензияларда «Аңның жүрегі» психологиялық драма мен аман қалу жанрының элементтерін үйлестіретіні атап өтіледі. Фильмде адам мен жануар арасындағы қарым-қатынасқа, сондай-ақ ішкі жарақаттарды еңсеру тақырыбына ерекше мән берілген.