Бублик Австриядағы ATP турнирін сенімді жеңіспен бастады

Фото: Getty Images
Қазақстандық теннисші Александр Бублик Австрияның Кицбюэль қаласында өтіп жатқан ATP-250 турниріндегі алғашқы ойынын сәтті өткізіп, жарыстың ширек финалына жолдама алды.
ATP Кицбюэль турнирі додасында бірінші нөмірмен тіркелген және әлемдік рейтингте 11-орында тұрған Бублик жарысты екінші айналымнан бастады. Бұл кезеңде оған аргентиналық Факундо Диас Акоста қарсы тұрды (ATP рейтингінде 108-орын).
Қазақстандық теннисші матчтың алғашқы геймдерінен-ақ бастаманы өз қолына алып, өз добына сенімді ойнады және қарсыласына мүмкіндік бермеді. Кездесу 1 сағат 20 минутқа созылып, Бубликтің екі сеттегі жеңісімен аяқталды — 6:3, 7:5.
Енді жартылай финал жолдамасы үшін Бублик словакиялық Алекс Молчан мен германиялық Даниэль Альтмайер арасындағы матч жеңімпазымен кездеседі.