Бублик Галледегі турнирдің алғашқы айналымында әлемнің 74-ракеткасына есе жіберді

Темирлан Мажекенов ··
Бублик Галледегі турнирдің алғашқы айналымында әлемнің 74-ракеткасына есе жіберді

Германияның Галле қаласында ATP 500 санатындағы турнир басталды

Жарыстың алғашқы айналымындағы кездесулердің бірінде әлемнің 11-ракеткасы, қазақстандық Александр Бублик ATP рейтингінде 74-орында тұрған италиялық Маттиа Беллуччимен кездесті.

Бірінші сет тартысты өтіп, тай-брейкке дейін жалғасты. Тараптар бір-бірінің геймінде брейк жасағанымен, негізгі уақытта ешқайсысы басымдыққа ие бола алмады.

Екінші партияда бастама толықтай Беллуччидің қолына өтті. Бублик өз геймін екі рет сақтай алмай, матч соңына дейін қарсылық көрсете алмады. Нәтижесінде қазақстандық теннисші 6:7, 1:6 есебімен жеңіліп қалды.

Кездесу барысында Александр Бублик алты эйс жасап, бір қос қателік жіберді. Ол екі брейк-пойнттың біреуін сәтті пайдаланды. Алғашқы допты ойынға қосу көрсеткіші 69 пайызды құрады. Маттиа Беллуччи сегіз эйс жасап, үш қос қателікке жол берді. Сондай-ақ ол үш брейк-пойнттың үшеуін де тиімді пайдаланды. Оның алғашқы допты ойынға қосу көрсеткіші 70 пайыз болды.

Екінші айналымда Маттиа Беллуччи бельгиялық Рафаэль Коллиньонмен кездеседі. Ол ATP рейтингінде 51-орында тұр.

Айта кетейік, Александр Бублик былтыр Галледегі турнирдің чемпионы атанған еді. Алайда биылғы жарыста ол алғашқы айналымнан аса алмады.