Бублик, Рыбакина және басқалары: қазақстандықтар Уимблдонда қанша табыс тапты

Фото: Getty Images
Қазақстандық теннисшілер Уимблдон-2026 турниріндегі өнерін аяқтады. Алайда турнирдің шешуші кезеңдеріне жете алмаса да, олар қомақты сыйақыға ие болды.
Елдің үздік теннисшісі Александр Бублик 1/8 финалға дейін жетіп, онда америкалық Тэйлор Фрицтен үш сетте 6:7, 4:6, 4:6 есебімен жеңілді. Сәтті өнер көрсеткені үшін қазақстандық 300 мың фунт стерлинг сыйақы және ATP рейтингінде 200 ұпай иеленді.
Қазақстанның әйелдер арасындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина үшінші айналымда бельгиялық Элизе Мертенстен жеңіліп, жарысты аяқтады. Бұған дейін ол Лоис Буассон мен Кэти Макнэллиді сенімді түрде ұтқан болатын. Турнир қорытындысы бойынша Рыбакина 214 082 еуро табыс тауып, WTA рейтингіндегі қоржынына 130 ұпай қосты.
Юлия Путинцева да сыйақысыз қалған жоқ. Қазақстандық теннисші алғашқы айналымнан кейін-ақ германиялық Татьяна Марияға есе жіберіп, жарыстан шыққанымен, негізгі торда ойнағаны үшін 80 мың фунт стерлинг алды.
Жақсы нәтиже көрсеткендердің қатарында Анна Данилина да бар. Ол әйелдер арасындағы жұптық сында 1/8 финалға дейін жетіп, микстте екінші айналымда ойнап, 47 мың фунт стерлинг табыс тапты.
Еске салайық, Уимблдон-2026 турнирі 29 маусым мен 12 шілде аралығында Лондонда өтуде. Турнирдің жалпы жүлде қоры рекордтық көрсеткішке жетіп, 64,2 миллион фунт стерлингті құрады.