Бублик Женевадағы ATP-250 турнирінің жартылай финалына шықты

Фото: ATP
Ширек финалдық матчта қазақстандық теннисші француз Артур Риндеркнешті екі сетте — 7:5, 6:3 есебімен жеңді.
Кездесу 1 сағат 24 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Бублик 14 эйс жасап, үш рет қосар қателік жіберді және алғашқы доптан ойналған ұпайлардың шамамен 80 пайызын жеңіп алды. Сонымен қатар қазақстандық теннисші жеті брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.
Бірінші сет аса тартысты өтті. Екі теннисші де өз геймдерінде сенімді өткеріп отырды, ал партия тағдыры соңғы сәттерде шешілді. Есеп 6:5 болған кезде Бублик қарсы соққыда қарқынын күшейтіп, қарсыласын қателесуге мәжбүр етті және шешуші брейк орындап, сетті 7:5 есебімен аяқтады.
Екінші сетте қазақстандық теннисші ойын барысын толық бақылауда ұстады. Бублик торға жиі жақындап, доп қабылдауда агрессивті әрекет ету арқылы ойын тізгінін оп-оңай өз қолына алды. Риндеркнеш соққы орындау кезегінде есеп айырмасын барынш қысқартуға тырысты, алайда Александр артықшылығын сенімді сақтап, матчты 6:3 есебімен аяқтады.

Фото: ATP
Кездесу барысында Бублик жанкүйерлерді өз стиліндегі қысқартпа соққыларымен және ақылға сыймайтын тосын шешімдерімен бірнеше рет таңғалдырды. Франциялық теннисші де белсенді ойнады, бірақ шешуші сәттерде допты жиі торға соқты.
Осы жеңістің арқасында Александр Бублик Женевадағы турнирдің жартылай финалына шығып, ATP топырақ маусымындағы сәтті өнерін жалғастыра түсуде. Қазақстандық теннисші үшін бұл нәтиже «Ролан Гаррос» алдындағы дайындығы үшін маңызды қадам болды.
Бубликтің келесі қарсыласы — америкалық Лёрнер Тьен (ATP №20). Матч 23 мамыр, жұма күні өтеді.