Бубликтің Уимблдон-2026 турниріндегі табысы белгілі болды

Фото: Getty Images
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Уимблдон-2026 турниріндегі өнерін аяқтады. Ол маусымдағы ең беделді жарыстардың бірінде ширек финалға шығуға бір қадам қалғанда тоқтады.
Төртінші айналымда әлемдік рейтингтің 11-нөмірі ATP рейтингінде жетінші орында тұрған америкалық Тейлор Фрицке жол берді. Кездесу АҚШ теннисшісінің үш сеттегі жеңісімен аяқталды – 7:6 (7:1), 6:4, 6:4.
Жеңіліске қарамастан, Лондондағы жарыс Бубликке қомақты табыс әкелді. Қазақстандық теннисші 1/8 финалға шыққаны үшін ATP рейтингіне 200 ұпай қосып, 300 мың фунт стерлинг көлемінде жүлдеақы иеленді.
Айта кетейік, Уимблдон-2026 турнирі 29 маусым мен 12 шілде аралығында Ұлыбритания астанасы Лондонда өтіп жатыр. Биыл ұйымдастырушылар жарыс тарихындағы рекордтық 64,2 миллион фунт стерлинг жүлде қорын сарапқа салуда.