Чехия триумфы, Аскаридің қазасы және «Камп Ноудағы» ғажайып: спорт тарихындағы бұл күн

Ульяна Калиаскар··
Чехия триумфы, Аскаридің қазасы және «Камп Ноудағы» ғажайып: спорт тарихындағы бұл күн

26 мамыр спорт тарихында Чехияның хоккейден әлем чемпионы атануы, әйгілі авто-шабандоз Альберто Аскаридің қазасы және Карлос Алькарастың «Ролан Гарростағы» жеңісімен есте қалды.

Қазақстан:

2024 жыл — Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Олимпиада іріктеуін жеңіспен бастады. Осы күні қазақстандық боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Таиландтың Бангкок қаласында өткен лицензиялық турнирдегі алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. Ол 63,5 келіге дейінгі салмақта Олимпиада жолдамасы үшін бақ сынады. Іріктеу турниріндегі алғашқы кездесуінде қазақстандық спортшы филипппиндік Кристиан Питт Лоранға қарсы шығып, сенімді жеңіске жетті.

Әлем:

Чехия хоккейден 14 жылдан кейін әлем чемпионы атанды

2024 жыл - финалда Чехия құрамасы Швейцарияны 2:0 есебімен жеңді. Үшінші кезеңнің оныншы минутында Давид Пастрняк есеп ашты. Кездесудің соңында Давид Кампф бос қақпаға шайба соғып, командасының басымдығын еселей түсті. Бұл Чехия құрамасының 2010-жылдан бергі алғашқы әлем чемпионы трофейі болды. Сол жылы финалда чехтар Ресей құрамасын жеңген еді. Жалпы Чехия құрамасы хоккейден әлем чемпионатында алты рет жеңімпаз атанған.

«Формула-1» аңызы Альберто Аскаридің қайғылы қазасы

1955 жыл - дәл осы күні атақты италиялық авто-шабандоз Альберто Аскари қайғылы түрде қаза тапты. Ол автоспорттағы екінші буын өкілі болды. Әкесі Антонио Аскари де кәсіби жарысушы болған. Өкінішке қарай, Антонио ұлы Альберто небәрі жеті жаста болғанда қаза тапты. Қызығы, ол да дәл осындай жағдайда — 1925 жылдың 26 мамырында Франция Гран-приінде көз жұмған. Бұл сәйкестік Аскариді өте ырымшыл адамға айналдырды. Ол өзінің көк түсті шлемі мен қолғаптарынсыз жарысқа шықпайтын. Алайда сол күні Аскари бұл дәстүрден бір сәтке айныды. Ол командаласы Эудженио Кастеллоттимен бірге Ferrari 750 көлігін «1000 шақырым Суперкортемаджоре» жарысына дайындап жатқан. Апат «Монца» трассасындағы Curva del Vialone бұрылысында болды. Спортшы ауруханаға бара жатқан жолдағы жедел жәрдем көлігінде есін жимастан қайтыс болды.

Шарль Леклердің тарихи жеңісі

2024 жыл, Ferrari командасының пилоты Шарль Леклер мансабында алғаш рет өз еліндегі ең беделді жарыс — Монако Гран-приінде жеңіске жетті. Сол күні АҚШ-та Йозеф Ньюгарден әйгілі «Инди-500» жарысының жеңімпазы атанды.

Неміс арманын үзген финал

1999 жыл — Каталониядағы «Камп Ноу» стадионында 1998/99 жылғы Чемпиондар лигасының финалы өтті. Алаңда мюнхендік «Бавария» мен ағылшындық «Манчестер Юнайтед» кездесті. Матч драмалық түйінімен тарихта қалды. Ойынның басым бөлігінде ұтылып жатқан манкуниандық клуб қосымша уақытта екі гол соғып, 2:1 есебімен жеңіске жетті.1999 жы

Кездесу басталар алдында әйгілі опера әншісі Монсеррат Кабалье алғашында Фредди Меркьюримен бірге орындаған «Barcelona» әнін жанды дауыста шырқады.

Бұл күні дүниеге келгендер:

1951 жыл — Вилорий Пак, Қазақстанның еңбек сіңірген ауыр атлетика жаттықтырушысы. Илья Ильиннің алғашқы бапкерлерінің бірі. 60-тан астам спорт шеберін тәрбиелеген.

1986 жыл — Нао Кодайра, Жапониялық конькиші. 2018 жылғы Олимпиада чемпионы. 2010 және 2018 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Төрт дүркін әлем чемпионы және екі дүркін Азия ойындарының жеңімпазы.