«Челси» Дастан Сәтпаевқа «Бернли» сапында ойнауға рұқсат бермеді

«Бернли» ФК
Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев «Чарльтон Атлетикке» қарсы Чемпионшиптің оныншы турындағы матчқа «Бернли» клубының өтініміне енбеді. Бұған футболшының құқығы тиесілі «Челси» клубының шешімі себеп болған.
Бұл туралы Burnley Express тілшісі Мэтт Скрафтон әлеуметтік желіде хабарлады.
«Никки Хайен жаңа ғана «Челси» Дастан Сәтпаевқа бүгін кешкі ойында алаңға шығуға рұқсат бермегенін айтты», – деп жазды журналист.
Бұған дейін 18 жастағы қазақстандық қыркүйек айында алған санның артқы бұлшықетінің жарақатынан айыққан болатын. 10 қазанда ол «Уотфордқа» қарсы кездесуде (4:0) алаңға 74-минутта қосылып, ойынға қайта оралды.
Айта кетейік, «Бернли» мен «Чарльтон Атлетик» арасындағы матч 13 қазанда өтіп, 2:2 есебімен аяқталды. Алаң иелері қосымша уақыттың алтыншы минутында шешуші голдардың бірін өткізіп алды. Он турдан кейін «Бернли» сегіз ұпаймен Чемпионшипте 21-орында тұр.
Еске салайық, Дастан Сәтпаев «Челсиден» 2026/27 жылғы маусымның соңына дейін жалға алынып, «Бернли» сапында өнер көрсетіп жүр. Оның еншісінде төрт матч бар, әзірге нәтижелі әрекеті тіркелмеген. Команда келесі кездесуін 16 қазанда «Вулверхэмптонға» қарсы өткізеді.