«Челси» Дастан Сәтпаевтың болашағы бойынша шешімді келесі матчтан кейін қабылдауы мүмкін

Фото: Getty Images
Дастан Сәтпаев «Челсидің» Азиядағы маусым алдындағы жиындарын аяқтап келеді, алайда оның лондондық клубтағы болашағы әзірге белгісіз күйде қалып отыр. «Миланға» қарсы матчты өткізіп алғаннан кейін 17 жастағы қазақстандық «Джохор Дарул Тазимге» қарсы ойында көбірек уақыт алады деп күтілген, бірақ бапкерлер штабы шабуылшыны тек ойын соңында ғана алаңға шығарды.
Сәтпаев негізгі уақыттың аяқталуына үш минут қалғанда ойынға қосылып, тағы төрт минут қосымша уақытта өнер көрсетті. Осы қысқа уақыттың өзінде шабуылшы голдық сәтке ұласуы мүмкін шабуылдардың біріне қатысып үлгерді.
Scout in Eurasia қазақстандық футболшының дәл осы ойын уақытына назар аударды. Автордың пікірінше, мұндай кеш шығу футболшының болашағын анықтаудағы белгілердің бірі болуы мүмкін.
«Дастан Сәтпаев «Миланға» қарсы ойнамағаннан кейін, көпшілік оны «Джохорға» қарсы матчта негізгі құрамнан көреді деп күтті. Алайда ол тек үш минут негізгі уақыт пен төрт минут қосымша уақыт алды. Соған қарамастан, шартты түрде “пре-ассист” жасағандай болды. Бұл жалға беру нұсқасын білдіре ме? Мұндай мүмкіндік бар, әсіресе «Халл Сити» мен «Страсбур» туралы қауесеттер аясында. Алда «Реал Сосьедадқа» қарсы матч бар, содан кейін жағдай айқынырақ болуы мүмкін», — деп жазды Scout in Eurasia.
«Джохор Дарул Тазимге» қарсы кездесу Сәтпаев үшін «Челсидің» Азиядағы маусым алдындағы турындағы төртінші ойыны болды. Бұған дейін қазақстандық шабуылшы «Вестерн Сидней Уондерерс», «Тоттенхэм» және «Ювентусқа» қарсы матчтарда алаңға шыққан. Ал «Миланмен» ойында қосалқы құрамда қалды.
Сәтпаев үшін келесі сынақ «Реал Сосьедадқа» қарсы матч. «Челси» испаниялық клубпен 15 тамыз күні «Стэмфорд Бриджде» кездеседі. Шабуыл шебіндегі бәсекелестік аясында бұл ойын маусым басталар алдында лондондықтардың жас қазақстандыққа қандай рөл ұсынатынын анықтауға көмектесуі мүмкін.