«Челси» Нуньесті қатарына қосқысы келеді

Фото: «Әл-Хиляль» ФК
«Әл-Хиляль» шабуылшысы Дарвин Нуньес қайтадан Англия Премьер-лигасында ойнауы мүмкін. Уругвайлық форвардқа «Челси» клубы қызығушылық танытып отыр.
Mundo Deportivo дерегінше, Лондон клубы 26 жастағы футболшыны жазғы трансферлік кезеңде сатып алу мүмкіндігін қарастыруда. «Челсидің» жаңа бас бапкері Хаби Алонсо уругвайлықты негізгі құрамдағы орын үшін Жоао Педромен бәсекелес ретінде көріп отыр.
Нуньес 2022–2025 жылдары «Ливерпуль» сапында ойнап, кейін Сауд Арабиясына ауысып, «Әл-Хиляльмен» келісімшартқа қол қойған. Қазіргі келісімі 2028 жылдың жартысына дейін жарамды.
2025/26 маусымында уругвайлық футболшы барлық турнирлерде 24 матч өткізіп, 9 гол соғып, 5 нәтижелі пас берген. Transfermarkt мәліметі бойынша, оның нарықтағы құны 20 миллион еуроны құрайды.