Чемпиондар лигасы оралады: 2026/27 маусымы қарсаңындағы қызықты деректер

Фото: Getty Images
Бүгін, 8 қыркүйекте, Чемпиондар лигасының 2026/27 маусымындағы негізгі кезеңі басталады. 8-10 қыркүйек аралығында үш күн бойы Еуропаның басты клубтық турниріне қатысатын 36 команда түгел алаңға шығады. Алғашқы турдың өзінде бірнеше тартысты кездесу өтеді: Мадридтің «Реалы» «Интерді» қабылдайды, «Порту» «Манчестер Ситимен» ойнайды, «Наполи» «Арсеналмен» кездессе, «Ливерпуль» мадридтік «Атлетикомен» шеберлік байқасады.
Биылғы турнир Еуропа чемпиондар кубогы мен Чемпиондар лигасы тарихындағы 72-ші, ал жарыс атауы қазіргі форматқа өзгертілгелі бері 35-ші рет өткізіліп отыр. Сонымен қатар турнир қатарынан үшінші маусым дәстүрлі топтық кезеңсіз өтеді: 36 клуб бір ортақ турнир кестесінде орналасады.
Жаңа маусым қарсаңында Еуропаның басты клубтық турнирінің ауқымын жақсырақ түсінуге көмектесетін бірнеше сан мен қызықты деректі жинақтадық.
36 команда және тек негізгі кезеңнің өзінде 144 матч
Бұрынғыдай төрт командадан тұратын сегіз топтың орнына қазір 36 клубтан құралған бірыңғай турнир кестесі бар. Әр команда сегіз түрлі қарсыласпен сегіз матч өткізеді: төртеуін өз алаңында, төртеуін сыртта ойнайды. Осылайша, тек негізгі кезеңнің өзінде жанкүйерлерді 144 кездесу күтеді. Әр турда бірден 18 матч өтеді.
Негізгі кезең бес айға жуық уақытқа созылады. Бірінші тур 8-10 қыркүйекте өтсе, сегізінші және соңғы тур 2027 жылдың 27 қаңтарына жоспарланған. Соңғы ойын күнінде барлық 18 матч бір уақытта басталады. Сондықтан турнир кестесіндегі жағдай әрбір соғылған голдан кейін өзгеруі мүмкін.