Чесноковтың бұрынғы клубы Чемпиондар лигасында ойсырай жеңілді

Али Асетов··
Instagram / heartofmidlothianfc

Instagram / heartofmidlothianfc

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Ислам Чесноков бұған дейін өнер көрсеткен Шотландияның «Хартс» клубы Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңін сәтсіз бастады.

Эдинбургтік команда алғашқы матчта сырт алаңда Аустрияның «Штурм» клубына қарсы ойнап, 0:4 есебімен ірі жеңіліске ұшырады. Алаң иелері кездесудің 4-минутында-ақ есеп ашты. Гол авторы – Йон Горенец-Станкович.

Үзілістен кейін аустриялық клуб жеңіс мәселесін толық шешті. Тоғыз минуттың ішінде «Штурм» қарсылас қақпасына тағы үш гол соқты. 50-минутта Джейланд Митчелл мергендік танытса, араға үш минут салып 17 жастағы Лука Вайнхандль есепті ұлғайтты. Ал 59-минутта Юрген Хайль матчтың қорытынды есебін белгіледі.

Чемпиондар лигасы. Екінші іріктеу кезеңі

«Штурм» – «Хартс» – 4:0

Голдар: 4 – Горенец-Станкович, 50 – Митчелл, 53 – Вайнхандль, 59 – Хайль.

Қарымта кездесу 28 шілдеде Эдинбург қаласындағы «Тайнкасл Парк» стадионында өтеді. Матч Астана уақытымен 23:45-те басталады.

Еске салайық, Ислам Чесноков «Хартс» клубына 2026 жылдың қаңтарында Қостанайдың «Тобыл» командасынан ауысқан болатын. Алайда жазда қазақстандық шабуылшы қайтадан бұрынғы клубына оралды. Шотландиядағы кезеңінде 26 жастағы футболшы 11 матч өткізіп, бір гол соқты және командасымен бірге ел чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды.