«Далаға шықсаң, бәрі үсіп кетеді»: «Барыстың» бұрынғы ойыншысы Астанадағы өмірі туралы айтты

«Барыс» ХК
«Барыстың» бұрынғы шабуылшысы Майкл Веккьоне Астана мен жаңа маусым алдында көшіп барған Нижний Новгородтағы өмірін салыстырды. 33 жастағы америкалық хоккейші Қазақстанда өткізген бір жыл ішінде қатты аяз бен желге үйрене алмағанын мойындады.
Қазір Веккьоне Нижний Новгородтың «Торпедо» клубында өнер көрсетеді. Хоккейшінің айтуынша, оған жаңа қаланың көлемі мен жолдағы кептелістің аздығы ұнайды. Ал Ресейдің қысқы ауа райын әлі толық сезініп үлгермеген ол Қазақстан астанасындағы аязды еске алды.
«Нижний Новгородта қаланың көлемі мен кептелістің аздығы ұнайды. Қыста қандай болатынын көрерміз. Астанада жел соғып, айналаның бәрі көктайғақ болып, ауа температурасы −40 градусқа дейін төмендейтін. Бұл оңай болған жоқ. Бірақ Нижний Новгородта да қатты суық болады деп естідім. Екі қала да жақсы, екеуінде де көретін және айналысатын нәрсе көп», – деді ол «Чемпионат» басылымына берген сұхбатында.
Веккьоне суық ауа райына бала кезінен таныс. Ол АҚШ-тың Бостон қаласында дүниеге келген. Дегенмен, өзінің айтуынша, америкалық қыс Астанадағы аязбен салыстыруға келмейді.
АҚШ-та да күн суық болатыны айтылғанда, хоккейші былай деп жауап берді:
«Иә, мен Бостоннанмын. Ол жақта да суық. Бірақ ауа температурасы ең төмен дегенде −20 градусқа дейін түсетін шығар. Бұл былтыр Астанада желмен бірге сезілген −30–40 градус аязбен салыстыруға келмейді. Далаға шықсаң, бәрі үсіп кетеді. Суықтан құтылу үшін ішке қарай жүгіресің немесе таксиге секіріп мінесің. Дегенмен, бұл өте қызықты тәжірибе болды», – деп атап өтті хоккейші.
Қазақстандағы ауа райына үйрену қиын болғанымен, Веккьоне үшін өткен маусым нәтижелі болды. 2025/26 жылғы чемпионатта америкалық шабуылшы «Барыс» сапында 65 матч өткізіп, 46 ұпай жинады. Оның еншісінде 19 шайба мен 27 нәтижелі пас бар. Осы көрсеткіш бойынша ол астаналық команданың ең нәтижелі шабуылшысы атанды.
Сонымен қатар хоккейшінің пайдалы әрекет коэффициенті −13 болды. Ал «Барыс» маусым қорытындысы бойынша ҚХЛ плей-офф кезеңіне өте алмады.
Чемпионат аяқталғаннан кейін тараптар екі жаққа кетті. Веккьоне мансабын «Торпедо» клубында жалғастырды.