Даниил Медведев Қазақстандық Андрей Голубевпен жұмыс істей бастады

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Ресейдің бірінші ракеткасы Даниил Медведев маусымның маңызды кезеңі алдында өз командасына өзгеріс енгізді. 30 жастағы теннисшінің жаңа бапкері Қазақстан өкілі Андрей Голубев болды.

Әзірге тараптардың ынтымақтастығы алдағы бірнеше турнирге ғана жоспарланған. Медведев Голубевпен Цинциннатидегі «Мастерс» турнирінде және US Open жарысында бірге жұмыс істемек. Осыдан кейін тараптар әрі қарайғы жоспарларын анықтайды.

Ресейлік теннисші бұл өзі үшін жаңа кезең екенін айтып, әзірге нақты қорытынды жасауға асықпайтынын жеткізді.

«Әзірге Цинциннатидегі турнир мен US Open кезінде бірге жұмыс істеп көруге шешім қабылдадық. Одан кейін көре жатармыз. Бұл мен үшін жаңа тәжірибе. Андреймен жұмыс істеу маған ыңғайлы, ол жақсы адам. Бұл да мен үшін маңызды. Уақыт өте келе кортта бір-бірімізді жақсырақ түсінетін боламыз деп ойлаймын», — деді Медведев.