Данилина мен Крунич Цинциннати турнирін жеңіспен бастады

Фото: Jimmie48
Қазақстандық теннисші Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен жұп құрып, АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан WTA-1000 санатындағы турнирді сәтті бастады.
Бірінші айналымда Данилина мен Крунич америкалық Энн Ли және датиялық Клара Таусонмен кездесті. Қазақстандық-сербиялық жұп қарсыластарын екі сетте 6:4, 6:2 есебімен жеңді.
Матч барысында Данилина мен Крунич бір эйс жасап, бір рет қос қателік жіберді. Ал олардың қарсыластары үш рет эйс жасап, екі қос қателікке жол берді.
Данилина мен Крунич 59 ұпай жинаса, Ли мен Таусон 36 ұпай еншіледі. Қазақстандық-сербиялық жұп үш брейк-пойнттың үшеуін де пайдаланып, қарсыластарына берілген үш мүмкіндіктің бірін де жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Сонымен қатар Данилина мен Крунич алғашқы подачадан кейінгі 24, екінші подачадан кейінгі 12 розыгрышта жеңіске жетті.
Екінші айналымда Данилина мен Крунич Сторм Хантер (Аустралия) / Дезире Кравчик (АҚШ) – Магали Кемпен (Бельгия) / Александра Панова (Ресей) кездесуінің жеңімпаздарымен ойнайды.
Айта кетейік, жұптық WTA рейтингінде Крунич бесінші, ал Данилина алтыншы орында тұр. Биылғы маусымда Данилина мен Крунич Australian Open, «Ролан Гаррос» және Индиан-Уэллстегі WTA-1000 турнирінің финалына дейін жеткен.