Данилина мен Крунич жарақатына байланысты US Open-нан шығып қалды

Фото: Getty Images
Қазақстанның әйелдер арасындағы жұптық разрядтағы бірінші ракеткасы Анна Данилина 2026 жылғы АҚШ ашық чемпионатындағы өнерін екінші айналымда аяқтады.
Турнирдің екінші айналымында Анна Данилина мен әлемдік рейтингте 6-орында тұрған Александра Крунич германиялық Татьяна Мария және түркиялық Зейнеп Сөнмез жұбына қарсы ойнады. Қазақстандық-сербиялық дуэт бірінші сетте 6:1 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Алайда екінші партияның соңына қарай Крунич сол жақ тізесінен жарақат алып, оған медициналық көмек қажет болды. Сербиялық теннисші кездесуді жалғастырып көруге тырысқанымен, ақыры ойынды жалғастыра алмады.
Кездесу 1 сағат 21 минутқа созылып, қазақстандық-сербиялық жұптың матчтан бас тартуымен аяқталды.
US Open-2026 турнирінің жұптық разрядындағы 1/8 финалда Мария мен Сөнмез америкалық Робин Монтгомери және Эшлин Крюгермен кездеседі.