Дастан Сәтпаев алаңға қазан айында оралуы мүмкін

«Бернли» ФК
Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев жарақатынан кейін ағылшындық «Бернли» сапына қайта қосылуға жақын.
Команданың бас бапкері Никки Хайен футболшының қалпына келіп жатқанын және 10 қазанға жоспарланған Чемпионшиптегі «Уотфордқа» қарсы сырт алаңдағы матчқа қатысуы мүмкін екенін айтты.
Халықаралық үзіліс «Бернлиге» жарақатынан кейін ем қабылдап жатқан бірнеше футболшыны қатарға қайтаруға мүмкіндік береді. Солардың қатарында толыққанды жаттығуға біртіндеп жақындап келе жатқан Сәтпаев та бар.
«Джош Каллен де жалпы топқа қосылуға жақын, Дастан да оралып жатыр. Бұл бізге көбірек мүмкіндік береді. Дастанның сол екі матчта қаншалықты маңызды болғанын бәрі біледі. Сондықтан оған қайта сенім арта алуымыз біз үшін өте маңызды», – деді Хайен.
Сәтпаев қыркүйектің басында санның артқы бөлігінен жарақат алып, содан бері алаңға шыққан жоқ. Жарақат алғанға дейін 18 жастағы шабуылшы «Бернли» сапында барлық турнирде төрт матч өткізді.
Халықаралық үзіліс алдындағы соңғы ойында «Бернли» «Дерби Каунтимен» 1:1 есебімен тең түсті. Хайеннің айтуынша, бұл кездесуде команда бірден 15 футболшының қызметіне жүгіне алмаған. Якоб Бруун Ларсен өкше жарақатынан кейін сапқа қайта қосылса, Джош Каллен, Эноха Агьеи, Джейдон Банел және Сәтпаев қалпына келу кезеңін жалғастырды.
Қазақстандық футболшының «Уотфордқа» қарсы матчқа қатысуы туралы түпкілікті шешім ойынға жақындаған кезде қабылданады. Бұл ретте оның физикалық жағдайы мен халықаралық үзілістен кейінгі жаттығулардағы дайындығы ескеріледі.
Сонымен қатар «Бернлидің» кейбір футболшылары клубтың 25 ойыншыдан тұратын өтініміне енбегендіктен, командаға көмектесе алмайды.