Дастан Сәтпаев «Бернлидегі» алғашқы күндері туралы айтып берді

Aibar Rysdaulet··
«Бернли» ФК

«Бернли» ФК

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Англияның «Бернли» клубындағы алғашқы күндері және жаңа командаға бейімделуі туралы өз әсерімен бөлісті.

17 жастағы футболшының айтуынша, командаластары оны жақсы қабылдап, ұжымға тезірек сіңісіп кетуіне көмектесіп жатыр. Сәтпаев жаттықтырушылар штабымен де жақсы қарым-қатынас орнағанын атап өтті.

«Алғашқы күндерім өте жақсы өтіп жатыр. Барлығы мені керемет қабылдады. Біз үнемі сөйлесіп, бір-бірімізге көмектесеміз. Егер мен бір нәрсені дұрыс жасамасам, нені жақсарту керектігін айтып, бағыт-бағдар береді. Жаттықтырушылар да өте жақсы, арамызда түсіністік жоғары. Олар маған көңілдері толатынын айтты. Бұл маған сенімділік береді», – деді Сәтпаев.

Қазақстандық футболшы әрі қарай да аянбай еңбек етіп, мансабындағы жаңа кезеңді кәсіби тұрғыда дамуға пайдаланғысы келетінін жеткізді.

«Мен жұмысымды жалғастырып, одан әрі жақсара түсуім керек», – деді футболшы.