Дастан Сәтпаевтың командасындағы футболшы мансабын аяқтады

burnleyofficial / Instagram
Исландиялық футболшы Йоханн Берг Гудмундссон кәсіби мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады. Ол үлкен футболда 18 жылдан астам уақыт өнер көрсетті.
Жартылай қорғаушы мансабында Еуропа мен Таяу Шығыстың бірнеше клубында ойнады. Дегенмен оның футболшы ретіндегі жолында Англияның «Бернли» клубының орны ерекше.
Гудмундссон исландиялық «Брейдаблик», нидерландтық АЗ және ағылшындық «Чарльтон Атлетик» командаларында өнер көрсетті. Сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің клубтарында ойнады.
Оның мансабындағы ең ұзақ кезең «Бернли» сапында өтті. Футболшы ағылшын клубында сегіз жылдан астам уақыт ойнап, 200-ден аса матчқа қатысты. Осы командадағы өнері оған Англия Премьер-лигасында ойнау арманын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Футболмен қоштасқан Гудмундссон бұл спорттың ұзақ жылдар бойы өмірінің маңызды бөлігі болғанын атап өтті. Оның айтуынша, футбол мінезін қалыптастырып, төзімділік пен тәртіпке үйретті. Сондай-ақ командаластарымен және жанкүйерлерімен бірлікті сезінуге мүмкіндік берді.