Давид Лория ҚФФ-дегі басшылық қызметінен кетті

Давид Лория Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) вице-президенті қызметінен кету туралы шешім қабылдады.
Лория ҚФФ құрылымындағы негізгі басшылық лауазымдардың бірін атқарып, федерациядағы ұйымдастырушылық және әкімшілік жұмыстарына жетекшілік етті. Белді функционер қызметінен кетуінің себептерін түсіндіріп, арнайы мәлімдеме жариялады.
«Бүгін мен Қазақстан футбол федерациясындағы жұмысымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. ҚФФ президенті Марат Омаров маған вице-президент қызметінде қалуды ұсынды. Алайда футболды дамытуға қатысты көзқарастарымыз бен өмірлік құндылықтарымыз кейбір тұстарда сәйкес келмейді», – деді Лория.
Давид Лорияның айтуынша, федерациядағы қызметі барысында маңызды жобаларды жүзеге асырып, елеулі басқарушылық тәжірибе жинақтаған. Сондай-ақ ол Қазақстан футболының алдында кесе-көлденең тұрған сын-қатерлерді толық түсінгенін атап өтті.
Давид Лория алдағы уақытта да футбол саласындағы жұмысын жалғастыра беретінін мәлімдеп, әріптестеріне, клубтарға және өңірлік федерацияларға алғыс айтты.
«Сүйікті спортымыздың жанкүйерлеріне ерекше алғыс айтамын. Сіздер стадиондар мен экран алдындағы қолдауларыңыз арқылы Қазақстан футболының алтын дәуірін қалыптастырып жатырсыздар.
Ұлттық құрамамыз бен клубтарымызға жарқын жеңістер тілеймін!», – деп түйіндеді Лория.
Еске салайық, ҚФФ-ның бұрынғы функционері наурыз айында федерацияның бас хатшысы қызметінен кетіп, кейін вице-президент лауазымына тағайындалған еді.