«Динамо» – «Барыс»: ҚХЛ матчынан тікелей трансляция

«Барыс» ХК
Астаналық «Барыс» бүгін, 28 қазанда, Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионаты аясында Минскінің «Динамосына» қарсы сырт алаңда ойнайды.
Кездесу Беларусь астанасындағы «Минск-Аренада» өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен 21:10-да басталады. Тікелей эфирді Qazsport телеарнасынан көруге болады. Сондай-ақ матч барысын Sport-hub.kz Telegram арнасынан бақылауға мүмкіндік бар.
Ойын алдында «Барыс» Шығыс конференциясында 19 матчтан кейін 21 ұпаймен бесінші орында тұр. Ал «Динамо» Батыс конференциясында 20 ұпаймен жетінші сатыға жайғасқан.
Қазақстандық клуб қатарынан үш рет жеңіліс тапты. Михаил Кравец шәкірттері бұған дейін «Амурға» (2:5), «Адмиралға» (қосымша уақытта 4:5) және «Автомобилистке» (1:4) есе жіберді. Минскілік команда соңғы ойында «Торпедоны» қосымша уақытта 2:1 есебімен жеңіп, үш матчқа созылған жеңіліс сериясын тоқтатты.
Биылғы тұрақты чемпионатта командалар әлі кездескен жоқ. Соңғы рет 2025 жылғы 22 қыркүйекте өзара ойнап, сол кезде «Динамо» қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңіске жетті. ҚХЛ тарихында қарсыластар 35 рет кездескен. Оның 19-ында минскілік клуб жеңсе, «Барыс» 16 матчта басым түскен.
«Барыстың» ең нәтижелі ойыншыларының бірі – Джастин Бэйли. Ол 19 матчта 21 ұпай (12+9) жинаған. «Динамо» сапында Кристофер Тирни 19 ұпаймен (3+16) көш бастап тұр.
«Барыс» келесі кездесуін 30 қазанда «Шанхай Дрэгонсқа» қарсы өткізеді. Матч Қазақстан уақытымен 21:30-да басталады.