Дияр Нұрғожайдың келесі жекпе-жегі белгілі болды

Фото: ufc.com
Қазақстандық файтер Дияр Нұрғожай келесі жекпе-жегін америкалық Алик Лоренцке қарсы өткізеді. Кездесу 21 қарашада Катар астанасы Дохада өтетін UFC Fight Night турнирінде ұйымдастырылады.
Алдағы жекпе-жек туралы инсайдер Марсель Дорфф хабарлады. Қарсыластар жартылай ауыр салмақта (93 келіге дейін) үш раундтық кездесу өткізеді. Турнир ABHA Arena аренасында өтеді.
Нұрғожайдың қазіргі рекорды – 12 жеңіс және екі жеңіліс. Қазақстандық спортшы UFC-де төрт жекпе-жек өткізіп, ұйымдағы алғашқы екі жеңілісінен кейін қатарынан екі рет жеңіске жетті. Наурызда ол Рафаэль Тобиасты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңсе, тамызда Бруно Лопеспен жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.
29 жастағы Лоренц үшін бұл UFC-дегі алғашқы жекпе-жек болмақ. Оның еншісінде сегіз жеңіс пен екі жеңіліс бар. Америкалық файтер тамыз айында Dana White's Contender Series турнирінде жеңіске жетіп, UFC-мен келісімшартқа отырған.
Айта кетейік, Катардағы UFC Fight Night турнирінің басты жекпе-жегінде жартылай ауыр салмақта ұйымның бұрынғы чемпионы Иржи Прохазка жеңіліп көрмеген Навахо Стирлингпен кездеседі. Сондай-ақ турнирде қазақстандық Асу Алмабаев өнер көрсетеді. Оның қарсыласы – жапониялық Кёдзи Хоригути.