Доминик Ливакович «Барселона» ойыншысы атанды

Фото: Getty Images
Хорватия құрамасының қақпашысы Доминик Ливакович түркиялық «Фенербахчеден» «Барселонаға» ресми түрде ауысты. Бұл туралы каталониялық клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
31 жастағы қақпашы каталониялық клубпен 2030 жылға дейін келісімшартқа отырды. Трансфер құны 2 миллион еуроны құрады. Сонымен қатар келісімде 2 миллион еуро көлемінде бонус қарастырылған.
Ливакович үшін бұл трансфер Түркиядағы бірнеше жылдан кейінгі мансабындағы жаңа кезең болмақ. Хорватиялық футболшы «Фенербахче» сапында 2023 жылдан бері өнер көрсетіп, барлық турнирде 74 матч өткізді. Түркия чемпионатына дейін ол клубтық мансабының басым бөлігін туған жері Хорватияда өткізді.
Қақпашы кәсіби мансабын «Загребте» бастады. Кейін 2016 жылы Загребтің «Динамосына» ауысты. Дәл осы клубта Ливакович Еуропа деңгейінде танылып, еурокубок ойындарында тұрақты түрде өнер көрсетті. Команда сапында жүздеген матч өткізіп, бірқатар ұлттық трофейлерді жеңіп алды.
Қақпашының мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі – Хорватия құрамасындағы өнері. Доминик ұлттық құрамадағы дебютін 2017 жылы өткізіп, біртіндеп команданың негізгі қақпашыларының біріне айналды. Оның ұлттық құрама сапында 79 матчы бар.
Енді хорватиялық қақпашы мансабын Еуропаның ең мықты чемпионаттарының бірінде жалғастырып, «Барселонаның» намысын қорғайды.