Басты бет
·
Lifestyle

Дрейкке қатысты әкелік туралы қауесет тарады: жүкті әнші жауап берді

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Дрейктің жеке өмірі тағы да жұрт назарында. 38 жастағы канадалық әнші әрі тележүргізуші Киша Шанте жүкті екенін жариялағаннан кейін, әлеуметтік желі қолданушылары оның болашақ баласының әкесі танымал рэпер болуы мүмкін деген болжам жасады. Алайда екі өнерпаздың өкілдері бұл қауесетке жауап берді.

Шанте жүктілігінің шамамен жетінші айында екенін және ұл бала күтіп жүргенін айтты. Ол баланың әкесінің есімін атамады. Дегенмен болашақ баласының әкесі музыка индустриясына қатысы бар және көпшілікке танымал адам екенін жеткізді. Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушыларының назары Дрейкке ауды.

Дрейк пен Шанте бұрыннан таныс. Олар жастайынан араласқан. Ал 2022 жылы рэпер әншіні өзінің алғашқы сүйіктісі деп атап, ол туралы жылы пікір білдірген. Осы жылдар ішінде жанкүйерлер Кишаны музыканттың шығармашылығына шабыт берген әйелдердің бірі болуы мүмкін деп те болжаған.

Әнші сүйіктісі туралы айта отырып, оның шығармашылық қабілетіне тәнті екенін және ұлы әкесінің кейбір қасиеттерін бойына сіңірсе екен деп тілейтінін жеткізді.

«Ол өте шығармашыл адам және мені шабыттандыратын дүниелерді үнемі жасап жүреді. Ұлым оның мінезін, жүріс-тұрысын және стилін бойына сіңірсе екен деймін», — деді Шанте.

Алайда Дрейктің баланың әкесі болуы мүмкін деген болжам көп ұзамай жоққа шығарылды. 39 жастағы рэпердің өкілі журналистерге оның әке атануы туралы қауесеттердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, әлеуметтік желідегі болжамдарды үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Кейін Шанте тарапынан да мәлімдеме жасалды. Оның өкілі Дрейктің баланың әкесі емес екенін растады. Сонымен қатар болашақ баланың шын әкесі музыка саласында танымал адам екенін айтты. Алайда оның есімін отбасы әзірге жариялауды жөн көрмеген.

Әншінің өкілінің айтуынша, Шанте жүктілігін сегіз айға жуық уақыт бойы жасырған. Бұған оның жеке өмірі мен болашақ отбасын артық назардан барынша қорғауға тырысқаны себеп болған.

Осылайша, Дрейкке қатысты басты сұраққа жауап берілді. Алайда баланың шын әкесінің кім екені әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр.

Шанте үшін бұл алғашқы сәби. Ал Дрейктің 2017 жылы француз суретшісі Софи Брюссодан туған Адонис есімді ұлы бар.