Джон Джонс Том Аспиналлдың UFC титулынан бас тартуына пікір білдірді

Фото: Getty Images
UFC-дің екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпионы Джон Джонс Том Аспиналлдың ауыр салмақтағы чемпиондық белбеуден бас тарту туралы шешіміне пікір білдірді.
Бұған дейін британдық спортшы денсаулығына қатысты мәселелерге байланысты чемпиондық титулынан бас тартқан болатын. Алайда әлеуметтік желілерде Аспиналлдың мұндай шешім қабылдауына Сириль Ганмен қайта кездескісі келмегені себеп болды деген болжам пайда болды.
Джонс бұл жазбаға назар аударып, оны өз оқырмандарына бөлісті. Америкалық файтер осындай болжаммен келісетінін аңғартты.
«Менің де ойым дәл осындай», – деп жазды Джонс.
Аспиналл соңғы рет октагонға 2025 жылдың қазан айында шықты. UFC 321 турнирінде британдық файтер чемпиондық белбеуін француз Сириль Ганға қарсы жекпе-жекте қорғауы тиіс болған.
Алайда толыққанды жекпе-жек өтпеді. Аспиналл көзінен жарақат алғаннан кейін кездесу мерзімінен бұрын тоқтатылды. Нәтижесінде жекпе-жек ресми түрде өтпеген деп танылып, жеңімпаз анықталған жоқ.
Британдық файтердің титулдан бас тартуынан кейін UFC-дің ауыр салмақтағы чемпиондық белбеуі бос қалды. Енді ұйым жаңа чемпионды анықтауы керек.
Аспиналл кәсіпқой мансабында 18 жекпе-жек өткізіп, 15 жеңіске жетіп, үш рет жеңілген.