Елдос Сметов Абу-Дабидегі беделді турнирге қатысады

ҚР ҰОК
2024 жылғы Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов 29-31 қазан аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өтетін дзюдодан Grand Slam турниріне қатысуы мүмкін.
Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) жарысқа қатысушылардың алдын ала тізімін жариялады. Оған Қазақстан құрамасының бес салмақ дәрежесінде сынға түсетін жеті спортшысы енген.
Қазақстан құрамасының алдын ала тізімі:
- 60 келіге дейін – Елдос Сметов, Талғат Орынбасар;
- 66 келіге дейін – Ғұсман Қырғызбаев, Ақылжан Жұбатқанов;
- 81 келіге дейін – Жалғас Қайролла;
- 90 келіге дейін – Айдар Арапов;
- 100 келіге дейін – Марат Байқамұров.
Жарыста Елдос Сметовтің өнер көрсетуіне ерекше назар аударылып отыр. Ол 2024 жылы Қазақстан тарихында дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Париж Олимпиадасының финалында 60 келіге дейінгі салмақта француз Лука Мхеидзеден басым түсті.
Бұл Сметовтің мансабындағы үшінші Олимпиада медалі болды. Бұған дейін ол 2016 жылы Рио-де-Жанейрода күміс, ал 2020 жылы Токиода қола жүлде иеленген. Сонымен қатар 2015 жылы дзюдодан әлем чемпионы атанған.