Елдос Сметов Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысу туралы шешім қабылдады

Қазақстандық дзюдошы, Олимпиада чемпионы Елдос Сметов спорттағы мансабын жалғастырып, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға шешім қабылдады. Бұл туралы спортшы Aqyrys Seitqazy YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
«Төртінші Олимпиадаға баруға мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті барынша пайдалану үшін үлкен спорттағы мансабымды жалғастыру туралы шешім қабылдадым. Қазақта «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген сөз бар. Менің өмірімде, менің саламда алтын шыққан жер – спорт, оның ішінде дзюдо. Дзюдода мен қолданатын әдістер бар – оны бір рет болсын, екі рет болсын қолданамын. Бұл жерде алтын бар, мен оны соңына дейін алуым керек. Маған тиесілі, маған қажет алтынды алуым керек. Өйткені мен ол үшін алтыннан да қымбат дүниені беріп жатырмын. Ол – менің денсаулығым», - деді Сметов.
33 жастағы дзюдошы үшін Лос-Анджелестегі Олимпиада оның мансабындағы төртінші Ойын болуы мүмкін.
Сметов 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Ал 2021 жылы Токиода өткен жарыста қола жүлдеге ие болды.
Қазақстандық спортшы ең үлкен жетістігіне 2024 жылғы Париж Олимпиадасында қол жеткізді. Финалда Франция өкілі Лука Мхеидзені жеңіп, Қазақстан тарихында дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.
Осылайша Сметов Олимпиада ойындарындағы жүлделердің толық жиынтығын жинады - күміс, қола және алтын медаль. Енді қазақстандық дзюдошы төртінші Олимпиадасына қатысып, Лос-Анджелесте тағы бір жетістікке жетуге ниетті.