Елена Рыбакина Лондондағы беделді турнирді қиын жеңіспен бастады

Фото: WTA
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Лондон қаласында өтіп жатқан Queen’s Club Championships турнирінің ширек финалына жолдама алды.
1/8 финал матчында ол Германия өкілі Татьяна Марияға қарсы үш сетке созылған тартысты кездесуде ерік-жігер танытып жеңіске жетті — 6:7 (6:8), 7:5, 6:0.
Кездесу барысында Елена 7 эйс жасап, 4 қос қателік жіберді және 13 брейк-пойнттың 5-еуін сәтті пайдаланды. Ал Мария 5 эйс, 4 қос қателік және 3 брейк-пойнттың 1-еуін жүзеге асырды.
Келесі кезеңде әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина Ұлыбритания өкілі Кэти Бултермен кездеседі.
Айта кетейік, бұл матч Рыбакина үшін турнирдегі алғашқы ойын болды, ал Мария жарысқа үш жеңістен кейін келген. Неміс теннисшісі жарысты іріктеу кезеңінен бастап, онда британдық Юрико Миядзакиді (6:2, 1:6, 6:2) және өзбекстандық Камилла Рахимованы (6:4, 6:3) жеңген еді. Негізгі кезеңде ол грек теннисшісі Мария Саккариға да (6:3, 6:3) сенімді түрде басым түскен.
Айта кетерлігі, Татьяна Мария бұл турнирдің қазіргі чемпионы.
Жарыстың биылғы жүлде қоры 1,915 миллион долларды құрайды. Жеңімпаз 294 445 доллар және WTA рейтингінің 500 ұпайына ие болады.