Елена Рыбакина мансабында алғаш рет US Open ширек финалында ойнайды

Али Асетов··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатындағы сәтті өнерін жалғастыруда.

Әлемнің екінші ракеткасы мансабында алғаш рет Нью-Йоркте өтетін «Үлкен дулыға» турнирінің ширек финалына шықты.

Қазақстандық теннисші үздік сегіздікке жапониялық Наоми Осакамен кездесуде жолдама алды. WTA рейтингінде 13-орында тұрған Осака Рыбакинаға лайықты қарсылық көрсете алмады.

Елена матчтың алғашқы минуттарынан сенімді ойын көрсетіп, Осаканың бастаманы өз қолына алуына мүмкіндік бермеді. Бірінші сет қазақстандық спортшының 6:1 есебіндегі сенімді жеңісімен аяқталды. Екінші партияда жапониялық теннисші қарсылығын күшейткенмен, Рыбакина ойынды бақылауында ұстап, кездесуді 6:4 есебімен аяқтады.

АҚШ ашық чемпионаты, WTA. Әйелдер, 1/8 финал

Осака (Жапония) – Рыбакина (Қазақстан) – 1:6, 4:6

Осылайша, Рыбакина US Open турниріндегі төртінші айналым кедергісінен алғаш рет өтті. Осыған дейін қазақстандық теннисшінің америкалық корттардағы ең үздік нәтижесі 1/8 финал болатын.

Енді Рыбакина ширек финалда Қытай өкілі Чжэн Циньвэньмен кездеседі. Бұл матчта тек беделді турнирдің жартылай финалына жолдама ғана емес, маңызды рейтингтік ұпайлар да сарапқа салынады.

US Open турниріндегі жорығын жалғастыру Рыбакинаға әлемнің бірінші ракеткасы атану мүмкіндігін де сақтап отыр. Қазіргі таңда ол WTA рейтингінде екінші орында тұр.

Елена Рыбакина мансабында алғаш рет US Open ширек финалында ойнайды – sport-hub