Елена Рыбакина Уимблдон-2026 турнирінің үшінші айналымына сенімді түрде шықты

Фото: Getty Images
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Уимблдон-2026 турнирінің екінші айналымынан еш қиындықсыз өтіп, шөптегі ең беделді жарыстың басты жүлдесі үшін күресін сенімді жалғастырды.
Әлемнің екінші ракеткасы АҚШ өкілі, рейтингте 50-орында тұрған Кэти Макнеллимен өткен кездесуде айтарлықтай қиындық көрген жоқ. Ойын толықтай Рыбакинаның бақылауында өтіп, оның айқын жеңісімен аяқталды – 6:1, 6:2.
Уимблдон, WTA (әйелдер, 1/32 финал)
Рыбакина (Қазақстан) – Макнелли (АҚШ) – 6:1, 6:2
Келесі кезеңде қазақстандық теннисші төртінші айналымға шығу үшін бельгиялық Элисе Мертенспен кездеседі. Ол әлемдік рейтингте 27-орында тұр және турнирде 25-нөмірлі болып тіркелген.
Жеке кездесулер тарихы тартысты болмақ. Осы турнирге дейін Рыбакина мен Мертенс кортта екі рет кездесіп, әрқайсысы бір-бір жеңістен еншілеген. Енді олар бұл қарсыластықта кімнің алға шығатынын анықтайды.
Еске сала кетейік, қазақстандық теннисші бұл жолғы Уимблдондағы жорығын франциялық Лоис Буассонға қарсы қиын матчпен бастаған еді. Алғашқы сетте сенімді ойнағанымен, екіншісінде есе жіберді. Алайда кейін ойын барысын өзгертіп, 6:4, 1:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Уимблдон-2026 турнирінің жалпы жүлде қоры 74,29 миллион еуроны құрайды. Әйелдер арасындағы жекелей сында жеңімпаз 4,17 миллион еуро және 2000 рейтингтік ұпай алады.
Турнир 29 маусым мен 11 шілде аралығында өтуде. Ал қазіргі чемпион – өткен жылы финалда америкалық Аманда Анисимованы 6:0, 6:0 есебімен ұтқан польшалық теннисші Ига Швёнтек.